meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Өзі тоймағаннан сарқыт дәметпе.
Біреу тойып секіреді,
Біреу тоңып секіреді.
Жүре берсең, көре бересің,
Көре берсең, көне бересің.
Көрпеңе қарап көсіл.
Аттан айырылсаң да,
Ер тоқымнан айырылма.
Бар болсаң аспа, жоқ болсаң саспа.
Үйіңе келгенге, үйдей өкпенді айтпа.
Қарақұрт жеп қой семіреді,
Қансоқта жеп ит семіреді,
Пара жеп би семіреді.
Жарлылығын жасырған байымас.
Жалғыз тары ботқа болмас,
Ботқа болса, жұртқа болмас.
Қысқа жіп күрмеуге келмейді.
Жарлының аузы аққа тисе,
Мұрны қанайды.
Ордалы жыланмен ойнама.
Ұрлық, ұрлықтың түбі қорлық.
Атақты ұры аштан өледі.
Ұры — қарының серігі.
Бұзауды ұрлаған, өгізді де ұрлайды.
Ұрымен жақын болсаң, ұятқа қаласың.
Елін сатып асаған,
Екі күн ғана жасаған.
Ұры өле өлгенше ақпын дейді.
Ұрысы күшті болса, иесі өлер.
Қолағашы күшті болса,
Киіз қазық жерге кірер.