meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Байды өркөкіректік өлтірер.
Жарлы кісі жаманар,
Жаманар да, қуанар.
Ұры байымас,
Сұқ семірмес.
Сорлыға сорпа да жетпейді.
Жарлы атқа мінсе, «Қайдан алды» дер,
Бай атқа мінсе, «Құтты болсын» дер.
Қазаншының еркі бар,
Қайдан құлақ шығарса.
Жеген аз, жегізген көп.
Екі ұштыны бір күшті қосады.
Кеме келгенде,
Қайық судан шығады.
Көргенді көптеген жеңеді.
Етігі жаман төрге шыға алмас,
Жеңі жаман ас іше алмас.
Өзі тойса да, көзі тоймайды.
Әулие қасындағысын қолтықтайды.
Алыстағы әулиеден,
Жақындағы машайық артық.
Қарғыстан кісі өлмейді.
Құр алғыс азық болмайды.
Алла бермегенді, молда бермейді.
Қарғанған құр қалар.
Біреудің атанына дегені,
Өзінің ботасына көрінер.
Сенің атың тұра тұрсын,
Менің атым жүре тұрсын.
Ақкөңілді адамға, біреудің сырқаты да батады.
Жорғалымен жолдас болма, жолда қаларсың.
Пайдасы жоқ бардан без,
Панасы жоқ сайдан без.
Басым бар деп топтанба,
Малым бар деп мақтанба.