meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Кісімен дос болма, дос болсаң,
Қимасына көңіл салма.
Доспен дос болғанға шаттан,
Дұшпанмен дос болғаннан сақтан.
Досқа келсең босқа келме.
Тәуір көрген досыңа,
Тәуір көрген малың бер.
Көре-көре сүйінсін;
Жаман көреген досыңа,
Жаман көрген малың бер,
Көре-көре күйінсін.
Жолдасың соқыр болса,
Бір көзіңді қысып отыр.
Алыстағы дұшпаннан,
Аңдып жүрген дос жаман.
Ет бергендей досың болсын,
Жер бергендей қосың болсын.
Досқа ат берме,
Ат берсең, жай жүр деме.
Достың көңілі бір атым насыбайдан қалады.
Айтулы достың малы бір,
Кемедегінің жаны бір.
Екі жасты қосқанның сауабы бар,
Дос арасын ашқанның обалы бар.
Екі аяқтыдан құрдас тату,
Төрт аяқтыдан бота тату.
Бай бауырын танымас.
Сауда досқа қарамас.
Бай кісі жарлы болса,
Бетін қоюға жер таба алмас.
Бай тоқтығынан кекіреді,
Кедей аштығынан секіреді.
Байды Құдай қарғайын десе,
Жортуыл бастар.
Биені қарғайын десе,
Құлын тастар.
Төреге ерген ер-тоқымын арқалар.
Төре аяғы маймақ,
Төбе басы тайғақ.
Қас екеніңді қабағыңнан танимын,
Сараң екенінді табағыңнан танимын.
Төре тайғақ болса,
Бітіп болмас.
Төбе тайғақ болса,
Шығып болмас.
Жаман төре жан алар.
Бай байға құяды, сай сайға құяды.
Адалдық — ардың ісі.
Адалдық жүрген жерде, адамдық жүреді.