meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Жақсы таз басын жасырмайды,
Жақсы әйел асын жасырмайды.
Қалған көңіл шыққан жанмен семіреді.
Шын жыласа соқыр көзден жас шығады.
Аталастың аты озғанша,
Ауылдастың тайы озсын.
Қарға тамырды қазақпыз.
Сұраса келе қарын бөле болып шығамыз.
Өз жұрттың - күншіл,
Нағашы жұрттың – сыншыл,
Қайың жұрттың міншіл келеді.
Қартың болса, жазып қойған хатпен тең.
Сыйға сый, сыраға бал.
Тіріде сыйласпаған,
Өліде жыласпайды.
Танымас, танымасын сыйламас.
Көңілдегі сырды көз білдіреді.
Өз үйім өлең төсегім.
Қарындасқа бұрмағанның қары сынсын.
Үй ішінен жау шықса,
Тұра қашып құтылмассың.
Тұлпардың өз тұяғы өзіне дәрі.
"Сіз", "біз" - деген жылы сөз,
Ағайынға жарасар.
Ине өткен жерден жіп өтер.
Інісі бардың тынысы бар,
Ағасы бардың жағасы бар.
Төркін десе қыз төзбейді,
Көкпек десе түйе төзбейді.
Апасының киген тонын сіңлісі де киер.
Ата – баланың қорғаны.
Атаға баланың алалығы жоқ.
Енесі тепкен құлынның еті ауырмас.
Сақау баланың тілін шешесі біледі.
Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы.