meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Еркек сергек ұйықтаса, ырыс бітеді,
Әйел сергек ұйықтаса, жұмыс бітеді.
Қонақ асына емес қабақ – қасыңа риза.
Қонақ жаман болса, үй иесі қалдырады,
Үй иесі жаман болса, қонақ қыдырады.
Келінің жаман болса, ұлыңнан көр.
Күйеуің жаман болса, қызыңнан көр.
Өлімнен басқаның ертесі жақсы.
Ұйқы жастық сұрамайды.
Көшемін деп отыныңды тауыспа,
Өлемін деп азығынды тауыспа.
Балалық шағы — патшаның тағы.
Жас — кәрінің көзі,
Кәрі — жастың тезі.
Көп қарттың ішінде бір бала дана болар,
Көп баланың ішінде бір қарт бала болар.
Қарты бар үйдің құты бар.
Кәрісі кімнің бар болса,
Хаты соның қолында.
Көп жасаған көмбенің үстінен шығар.
Кәрілік — дауасыз дерт.
Жастыққа да кәрілік бар,
Байлыққа да жарлылық бар.
Көңіл қартаймас, көз қартаяр.
Балам – балым,
Баланың баласы – жаным.
Атаның көңілі балада,
Баланың көңілі далада.
Бала қадірін балалы болғанда білерсің.
Балаға пышақ бермесең бір жылар,
Берсең екі жылар.
Ат болатын тай саяққа үйір,
Адам болатын бала қонаққа үйір.
Сүйгенін шұнағым дейді.
Жылы – жылы сөйлесең,
Жылан інінен шығады.
Жақсы әйел жаман еркекті ер қылады,
Жаман еркек жақсы әйелді жер қылады.