meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Үлкен үйдегі күлсе,
Кіші үйдегі езу тартады.
Ел-елдің заңы басқа,
Иті қара-қасқа.
Нағашымен күрессе,
Жиені жығылар.
Жек көргеннің жұмысын, кетерінде сұра.
Жақсы көргеннің жұмысын, келгеніңде сұра.
Сақтағанын жесе, сағынғаны келер.
Ескерген ескі асынан сақтайды.
Соймаса қан шықпайды,
Құр тілден май шықпайды.
Ет жемесе де, сорпа ішкендей болды.
Берместің асы піспес,
Қазаны оттан түспес.
Тойган тамақ түске жетпес,
Ықьшас естен кетпес.
Барым әзір, жоғым жай.
Шақырған жерден қалма,
Шақырмаған жерге барма.
Асаған білмес,
Тураған білер.
Алты жасар бала алыстан келсе,
Алпыс жасар кәрі алдынан шығар.
Құр қасық ауыз жыртар.
Құс жаман шажа,
Дос жаманы бажа.
Келіншектің бетін кім бұрын ашса сол ыстық.
Сиыр өз тілінен қыршаңқы болады.
Түйенің танығаны жапырақ.
Малды іріктемесең, тұқымы азады,
Қонысты жаңаламасаң, өрісі тозады.
Ай-айдың аты басқа,
Аяқты малдың өрісі басқа.
Жылқының көркі құйрық,
Үйдің көркі мүлік.
Өріске мал жарасады,
Атқа жал жарасады.