meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Асыл тастан шығар,
Өнер жастан шығар.
Өнерлі жігіт өрде озар,
Өнерсіз жігіт жер соғар.
Тауып білмеген, жүріп білер.
Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің.
«Әй», дейтін әже жоқ,
«Қой», дейтін қожа жоқ.
Тең-теңімен, тезек қабымен.
Қонак құдайдың еркесі.
Тас түскен жеріне ауыр.
Шақырусыз тойға барғанша,
Қазусыз көрге бар.
Заманына қарай заңы,
Тоғайына қарай аңы.
Заманы бірдің амалы бір.
Жасы құрдас, құрдас емес,
Заманы бір құрдас.
Мың «сіз-біз» ден
Бір шыж-мыж артық.
Оқы да біл,
Ойна да күл.
Ой түбі оймақ,
Ойын түбі ойран.
Өз білмегенінді кісіден сұра,
Үлкен жоқ болса, кішіден сұра.
Білім қымбат, білу қиын.
Білімнің алды жарық,
Білімсіздің түбі ғарып.
Ақыл — дария,
Ой — теңіз.
Ой түбі алтын,
Ойлай берсең аларсың.
Надан «ғалыммен» жақын болсаң басың қатады,
Ақымақ әкіммен жақын болсаң басың кетеді,
Ұстамен жақын болсаң ісің бітеді.
Ескіні есіңе алмай,
Жаңа жадыңа түспейді.
Біле тұрсаң да, сұрап біл.
Қотыр қолға қола сақина.