meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Өнерің болса, өлемін деме.
Бiлiмдi өлсе,
Қағазда аты қалар,
Ұста өлсе,
Iстеген заты қалар.
Бой жетпеген жерге - ой жетеді.
Қыран жетпеген жерге - қиял жетеді.
Өнер - таусылмас азық, жұтамас байлық.
Қызы мінезді келсін,
Ұлы өнерлі келсін.
Ел өнерге бой ұрды,
Қараңғылық жойылды.
Ұста пышаққа жарымас,
Етікші етікке жарымас.
Өз үйіңде ою оймаған,
Кісі үйінде сызу сызады.
Арба иесі күпшек дер,
Киіз иесі білек дер.
Тауық құсқа ұшу жоқ.
Там үйлерге көшу жоқ.
Көк темір көре өлтірмес.
Жаман ерден жайдағым жақсы,
Жаман қатыннан бойдағым жақсы.
Киім пішсең кең піш,
Ісің бітеді.
Алтын жерде жатпайды,
Жаман ұста суын таппайды.
Етікшіден құлаш қаш,
Бізі тиер көзіңе,
Сөзі тиер өзіңе.
Сынық арба көп кешер.
Бір мылтықтың аузына
Мың кісі сияды.
Шықсаң ұзақ сапарға
Арымас ат - от арба.
Саусағы ұзын - биші болар,
Құлағы үлкен - күйші болар.
Пышағыңның күмісіне қарап,
Өтпесіне болайын.
Кемеші келсе,
Қайықшы жолдан шығар.
Шақпақ, шақпақты отқа бермек ақымақ.
Бір кемеге мінгеннің жаны бір.
Алаған қолым береген.
Сырты жылтырауықтың
Іші қалтырауық.