meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Алдыңғы көштің адасқанын,
Кейінгі көш біледі.
Жалғыз болсаң батыл бол.
Адам құрсағынан арықтамайды,
Құлағынан арықтайды.
Қырық кіндік сыпайгершіліктен
Бір күндік пақыршылық артық.
Ертеңгі құйрықтан бүгінгі өкпе артық.
Бауыр ауырса — кіндік бұралады.
Қолы қимылдағынның,
Аузы қимылдайды.
Жаңбыр өзін селге санайды,
Құдық өзін көлге санайды.
Ашта жеген құйқаны –
Тоқта ұмытпа.
Тоқта жеген құйқаны –
Тіпті ұмытпа.
Екі биелі ел сақтайды,
Бір биелі жан сақтайды.
Атқан оқ тастан қайтпайды,
Елші ханнан тілін тартпайды.
Өтірікші ақсақтан бұрын қолға түседі.
Қиялдағы тілекті,
Қолдағы тірлік билейді.
Ешкі егіз тауып, қойдан аспайды.
Күйеуге бармай қыз тыншымайды.
Байқамай тұрып – килікпе,
Білмей тұрып – ентікпе.
Жау аяған – жаралы,
Жары болар – қаралы.
Қой жеген қасқыр көңілді,
Қойшысы жаннан түңілді.
Жаманның тапқаны – жапалақ.
Ажал жолы шілдің қадамынан да қысқа.
Бірдікі – мыңға,
Мыңдікі – сұмға.
Ері өліп ерге тиген қатын – келіншек.
Асыққан қалар ұятқа,
Асықпаған жетер мұратқа.
Аш адамның көзі апандай.
Жарлының жалғыз аты – айғыр,
Жатып ал да қайғыр.