meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Абысының болса, күндесім жоқ деме.
Әдепсіз жігіт жүгенсіз атқа ұқсайды.
Қоныс іздегенше, өріс ізде.
Арақ ішкен тойда мас,
Ақылы жоқ — күнде мас.
Біреудің тауығын жесең –
Қаз байла.
Малын жесең –
Қыз сайла.
Ешкі өзі туа алмай жатып,
Қойға кіндік шешелікке барыпты.
Ала қарғаны алты жыл бордақыласа да,
Сасық иісі сақталар.
Жақсыға жалынса –
Жан қалады.
Жаманға жалынса –
Бір қасық қан қалады.
Қартайғанда өкпешіл болады.
Қазының пісуіне шыдағанда,
Қазанның түсуіне шыдамайсың ба?
Базар көркі – бақал,
Ердің көркі – сақал.
Еріншек аулаға шықса да,
Ылау жалдайды.
Көшкісі келген жұртын жамандайды.
Көп төксең көңді –
Қамбаң дәнге толады.
Аурудың көңілін сұрау – дәру.
Жатар қарын жармадан садақа.
Ұстаның қуаруын білгенше,
Темірдің суаруын біл.
Дұшпанға өлім тілегенше,
Өзіңе өмір тіле.
Арғымақ мойнын оқ кесер,
Азамат мойнын жоқ кесер.
Жаман қойшы жайылымын жарты-ақ күнде тауысады.
Ер еңбегін жер жұтпайды.
Жалғыз аттың шаңы шықпайды,
Жалғыз ердің даңқы шықпайды.
Ер қатесіз болмайды,
Көл бақасыз болмайды.
Ауылынан дәметкен,
Алақанын күзеткен.
Пісеріне шыдаған да,
Түсеріне шыдамаған.