meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Күлшелі бала сүйкімді.
Тұлпар тұяғы дүбірде қызады.
Жаман құсты жақсы бақса – сұңқар болады.
Бір әке отыз ұлды асырайды,
Отыз ұл бір әкені ауырсынады.
Ата-анам бар болсын,
Ауыз-мұрны тар болсын.
Жақсы сөз жан семіртеді,
Жаман сөз жан кейітеді.
Айуанға – таяқ,
Адамға – ишарат.
Битті қонақ сияды,
Итті қонақ симайды.
Екі кісі күнәкар болса,
Үшінші кісі – дәнекер.
Батырлыққа дауа жоқ.
Қарға қарқылдап ұшқанмен қаз болмайды.
Жаралы киік жата алмас.
Қазан асулы,
Ас пісулі.
Жұмсақ сөз тасты жібітеді.
Аңдыған ұры алмай қоймайды.
Есегінде тұсау жоқ,
Түйесіне қом жасамақ.
Бар барын айтады,
Жоқ зарын айтады.
Ер — әлімен,
Жер — кенімен.
Қымыз – кісінің қаны,
Ет – кісінің жаны.
Екі ел екі тарап болса, екі жігіт қатын алады.
Басына тартса – аяғына жетпейді,
Аяғына тартса – басына жетпейді.
Қымызды үйде – аяқшы,
Қызды үйде – тияқшы.
Ас – иесімен қадірлі,
Бас – миымен қадірлі.
Жаңылмайтын жақ болмайды,
Сүрінбейтін тұяқ болмайды.