meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Бала - дүниеге әкелгендікі емес, тәрбиелегендікі.
Әркімде бар бір қиял,
Ал қиялды кім тияр.
Епсіз мерген құрды атады,
Қарайған қырды атады.
Жақсы жігіттің жасын сұрама,
Жақсы аттың тісін санама.
Етігі жаман – төрді былғайды,
Өзі жаман – елді былғайды.
Көп батырдан жау қашады,
Көп шешеннен дау қашады.
Басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ.
Жырылғанды ұры алады.
Жаман атты жал басар.
Ауырғанды сұраса,
Айыққанға пара-пар.
Майхана көрмей бала оңбас.
Бірін екі қылып,
Битін сірке қылып.
Ебін тапқан екі асайды,
Еңсесі түскен бір асайды.
Білген жолыңды әкеңе де бер.
Арғымақтың жақсысы:
Шапса – көлік, сатса – пұл.
Жаман қатын терісін жимай, иттен көреді,
Басын жумай, биттен көреді.
Бәйбішенің байлығы –
Түйеде қара сандығы.
Байды бәлекет басса, жортуыл бастайды.
Қатыны жақсының –
Байы да батыр.
Дау ескірмейді,
Асыл шірімейді.
Атан өлсе, тайлақ бар –
Қомы жерде қалмайды.
Жасында жігіт оқталады,
Қартайғанда тоқталады.
Дәулес төрін бермейді,
Өлсе – көрін бермейді.
Жаманның жан рақаты – ұйқы.
Еңкейгенге еңкейгің,
Басың жерге тигенше.
Шалқайғанға шалқайғың,
Төбең көкке тигенше.