meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Ағаш біткенді жүкті қылатын—жел.
Ағаш қамшы көп болар,
Аттанар күні жоқ болар.
Ағаш бір жерде көгереді.
Ағашқа науа біткен сайын,
Бәсең болмақ керек.
Ағаштың жемісін жеймін десең,
Түбіне балта шаппа.
Адал дүниеге есеп керек.
Адал сөзбен айтысады,
Өсек сөзбен сыбырласады.
Адал іс істесең, адал боп өсесің,
Ақылды іс істесең, өміріңе құт,
Қиын іс бітірсең, өмір бойы қорықпайсың.
Ақылға байлық — тозбас байлық.
Ақылды басшың болса, елдің алды боларсың,
Ақылсыз басшың болса, елдің азы боларсың.
Ақылы асса, аға тұт,
Әкімшілігі асса, пана тұт.
Ақыры байдың баласы аштан өлер.
Ақбөкенді жатыр деме,
Көшпелі елді отыр деме.
Алыстағы туыстан, жақындағы көрші артық.
Аңдысқан ауыл болмас,
Ерегескен ел болмас.
Арлы болмай, абыройлы болмайсың.
Артық байлық аздырар,
Артық күлкі тоздырар.
Аспаннан киіз жауса да,
Құлға ұлтарақ тимейді.
Атадан алтау тусаң да,
Басыңа түсер жалғыздық.
Атадан бата алмай, үй болмас,
Ордадан үлгі алмай, би болмас.
Атаңның құлы айтса да,
Әділдікке басыңды и.
Атсыз үй болса да,
Ассыз үй болмайды.
Аш адам ұрысқақ, арық адам тырысқақ.
Ашыққан — ұры, ашынған шешен болады.
Аш бала тоқ баламен ойнамайды,
Тоқ бала ешнәрсені ойламайды.