20.09.2022
119
Жүрегiңе айтқан сөзiм
Жүрегiңе айтқан сөзiм
Құлағыңнан қайрылды.
Қара тастан қайтқан сезiм
Құмарынан айрылды.
Қастерлеген қасиеттiм
Қадiрсiзге ашылды.
Қайырсызға басты соқтым,
Асыл сырым шашылды.
Тасқа қарап тебiренiп,
Елтiгенiм не менiң.
Сұп-сұр болған сенi көрiп,
Мен түңiлiп келемiн.
Жүрегiмнiң əнiн қозғап,
Нем бар едi, япыр-ау.
Жарға соққан толқын боздап,
Жалын бүркiп жатыр-ау..