Жүрегiмнiң жарасын
Жүрегiмнiң жарасын
Кiмге айтармын емде деп?
Жан мен тəннiң арасын
Бiр мұң басты пернелеп.
Əуенiне сол мұңның
Берiлемiн ендi мен.
Бiр мен үшiн солғын Күн
Асады ақтық белгiден.
Бұл дүние арайлы,
Көңiлi де тар, əттең.
Ытырына қарайды
Маған қатқыл қабақпен.
Қожайындай – үйiнен
Үнсiз қуған қонақты,
Сол тоң-торыс күйiмен
Көрсетедi сағатты.
Сонша неге тарылды,
Онсыз дағы кетем ғой.
Жалғыз шыбын жанымды
Кең дүние тұр көтермей.
Бөтенмiн бе мен осы?
Қарайды əлем жат көзбен.
Өткен шақтың елесi
Жалт етедi шат кезден.
Анау аспан, мынау жер,
Мұзды таулар, көк белдер,
Ақша бұлттар, тұнық көл,
Бүлдiргендi беткейлер..
Соның бəрi, құдай-ау,
Менiң туған жерiм ғой.
Өз анамдай, баламдай,
Құшып-сүйiп едiм ғой.
Елiм, жерiм, отбасым –
Ет жүрегiм едi ғой.
Жүрегiме мен қалай
Жат боламын?! Сол үрей.
Ей, iңкəр дүние-ау,
Сенсiз болу сұмдық қой.
Жүрегiмнiң жарасын
Емдеп бершi, мүлгiтпей.
Амалым не, жат көрсең,
Мен сенi жат етпейiн.
Ынтызарым боп қал сен,
Өкпемдi айтып кетпейiн.