Толғақ қысқан жүрегiм жүр шыдатпай...
Толғақ қысқан жүрегiм жүр шыдатпай,
Тағдыр тiрi көмбегей бүршiк атпай.
Ақыл-ессіз мезгілдің жылдамдығы
Болмысымды тілгілеп сусып ақты-ай.
Адалдықтың жолында жан ұшырдым,
Пәктiгi ендi жылап жүр әр iсiмнiң.
Ақтық сында ағымнан ақтаратын,
Қын iшiнде жатқан-ай намысымның...
Сан ақиқат жалғанға кеттi адасып,
Адалдығым да аңғал-ау жоққа машық,
Өрт тiрлiктен шындықты құтқарам деп,
Алдым талай аяқты шоққа басып.
Ар жағында үмiттiң арман күлiп,
Кекеттi ме ?
Шығарды жаннан бүлiк.
Барады өмiр өзiмен арпалысқан
Өз жүрегiмдi өзiме таңғалдырып.
Қай белесi өмiрдiң?
Қайдағы маң?
Жүрегiмде тыным жоқ ой қарыған.
Мiнезімнің мінезі қолды болды
Қаймықпаған қасірет айбарынан.
Берме, Намыс,
Берсең сен мiнезге ерiк,
Тағдыр маған жолығар мың өзгерiп.
Сыйдырмаған мезгілдің жүйкесіне
Сіңіп кетем өзім де лезде еріп.
Өткен күннiң көңiлде сыңғыры қап,
Жалықпадым жанымды сындырып ақ,
Жарақатын үмiттiң таңа бердiм,
Сағынышты қиялдан тұндырып ап.
1987 жыл.