20.09.2022
139
![](/uploads/shorttexts/author_image/g-sman.jpg)
ҮМIТ
Кең дүние, келем сенi
Нұрлы үмiтпен айналып,
Намысым мен өр еңселi
Жiгерiме қайралып.
Қалмасын деп тегiн олжа
қанжығама байланып,
Ар жебейдi менi жолда,
Күнiм ашық, Ай жарық.
Кес-кестейдi күдiк қара
Дегбiрiмдi кейде алып.
Үзiлмейтiн үмiт қана –
Бойға қуат, ойға құт.
Сенiмiмнiң қарлығашы,
Кеттiң менi қайда алып?
Арман-таудың қарлы басы
Көрiнбей-ақ қойды анық.
Жүрегiм-ау, қалғымашы,
Менi жолда қалдырма.
Арман-таудың қарлы басы
тұрған шығар алдымда?
Жетсем деумен сол тауыма
Альпиниске айналып,
Үмiтiмнiң арқанына
Келемiн мен байланып!