19.09.2022
165
СӨЙЛЕ, ЖҮРЕК!
Бір сөзіңнен шошынып, суып қаным,
Шыдамның да шегіне жуықтадым.
Быт-шыт болған ойларды қойша иіріп,
Жүрегіме тықтым-ау қуып бәрін.
Сөйле, жүрек!
Сөз сенде,
Толға бүгін!
Ойрандамақ өзіңдей орданы кім?!
Топан судай капта да, толқыныңа ал,
Зәре-құты қалмасын жолдағының.
Сөйле, сөйле!
Жасыма,
Дірілдеме!
Айтарыңнан айныма,
Сүрінбе де!
Күрсінесің несіне тым ауырлау,
Кібіртектей бересің бүгін неге?!
Сөйле, жүрек!
Арыңмен,
Ақылыңмен,
Сары қымыздай сазыңды
Сапыр үнмен.
Соқса, соқсын бір дауыл бұрқыраған,
Күйбеңдемей, күтейін ақырын мен