19.09.2022
  91


Автор: Темірше Сарыбаев

ЖҮРЕГІМНІҢ ЖАҢЫЛҒАНЫН...

Қырықтың-ау, қалқам-ай, жыр қанатын,
Жамалдатты жарауда тұрған атым.
Ел ентіккен бәйгеден күдер үзіп,
Бой үйреніп, боп жүрмін құр қалатын.
Естігенде абыржып есімімді,
(Тигізгем ғой, шамасы, кесірімді).
Көштен қалған тайлақтай желпілдеген
Қайран, менің көңілім-ай кешірімді.
Жаратпасаң қайтеді жаратқанша,
Түн дәуірлеп тұрмай ма таң атқанша?
Өзім өліп кетсем де өкінбес ем,
Сені жерге тірідей қаратқанша.
Кешіре гөр, түсірсем арыңа дақ,
Қоса алмайды екенмін бағыңа бақ.
Саған деген сәруар жүрегімді
Көмдім бүгін, қайтейін, қалың орап.
Көмдім бүгін, білсеңші бәрін, бәрін...
Жүрегімнің жаңа ұқтым жаңылғанын.
Арғымақтың аңырттым арындарын,
Сағым болды әп-сәтте сағынғаным.
Тұман екен тауым деп табынғаным,
Немен басам өкпемнің қабынғанын?!





Пікір жазу