17.09.2022
  163


Автор: Ақылбек Манабаев

ЖҮРЕК СӨЙЛЕЙДІ

І
О, жан иесі,
Мен жүрекпін
Өмір сыйлап әлдилеген,
Құндақтаған ән-күйменен,
Анаңның жүрегімін,
Әкеңнің жүрегімін.
Құлын-тайдай тебіскен,
Бір емшекті еміскен,
Жарты маяны бөліскен,
Ағаңның,
Сен үшін
Ақ жанын аямаған
Ініңнің,
Алақанда аялаған,
Ұлыңның,
Қызғалдақ сынды
Қызыңның -
Гүліңнің жүрегімін.
Ең аяулың,
Көңіліңе салмағын қаяу-мұң,
Ер ардақтың
Балаңның,
Жарыңның жүрегімін.
Қимасыңның,
Сыйласыңның,
Мәңгілікке серттескен,
Қатар жүріп өрт кешкен,
Қанды көйлек
Досыңның жүрегімін.
Ат құйрығын кесіскен.
Бір жолата кетіскен.
Қасыңның жүрегімін.
Жауынан жасқанбаған,
Батырдың жүрегімін,
Атақ-даңқы аспандаған
Бауыржанның жүрегімін.
Жыр төгуден жаңылмаған
Ақынның жүрегімін.
Өлеңін тербетіп,
Өлміге бағынбаған
Қасымның жүрегімін.
ІІ
О, жан иесі,
Мен жүрекпін,
Әлемге жар сап,
Дүрсілдеп тұрмын,
Тіршілікті аңсап,
Лүпілдеп тұрмын,
О, жан иесі,
Естимісің дауысымды
Тұтқыны болып кеудеңнің
Ғасырлар бойы сарғайып
Сабырым әбден таусылды.
Ұмтылып тұрмын жарыққа,
Жаңғыру үшін жапанды.
Сілкінтіп тылсым тау-шыңды,
Мені ғана тыңдаңдар,
Тоқтатып барлық дау-шуды.
ІІІ
О, жан иесі,
Мен жүрекпін,
Денеңе қан беріп бұлқынған,
Кеудеңде жан болып жұлқынған
Мен жүрекпін.
Менің отым –
Жүзіндегі алау – нұр тұнған.
Менен өшпес нәр алған
Адамдық келбет – түр, тұлғаң.
ІV
О, жан иесі,
Мен жүрекпін,
Айтатын асқақ әніңді.
Шырайыңды, әріңді
Саған мен сыйлағам,
Сен үшін дем алмай,
Шарлаймын,
Қиналам,
Жарыла жаздауға шақ қалам,
Шабытты шалқар күй кешіп,
Кезінде езу жимаған.
Мен де сыздаймын шақта сол
Шаттығың сынып,
Қуаныштың қираған.
Ұрыс-керістің майданы емес,
Аңсарым дулы орта, билі алаң.
Ашуыңды көрсетпе,
Жарқын жүр,
Жайдары қалпыңды қи маған!
V
О, жан иесі,
Мен жүрекпін,
Жаршысымын іңкәрліктің,
Шаттық үшін соғылатын
Қоныраумын ақ тілектің.
Дүниеге келген сәбидің
Кеудесінде алғаш дір еттім.
Кішкентай кірсіз пендені
Кінәсіз қалпында түлеттім.
Балғын өмір өкініште қалмасын деп,
Бал үмітін үзіп алмай,
Алғы күнге жалғасын деп,
Адаспай тапсын бағдарын
Өмірінің арнасын деп
Қиялы асқарға
Қырандай самғасын деп,
Өнер қуып, өрен атансын,
Өркен жайсын,
Өзегі талмасын деп,
Қайсарландым,
Шапағатымды төгіп,
Қайратымды үдеттім.
Пайда болды маған да
Бұла кеш, тың екпін.

О, жан иесі,
Мен жүрекпін,
Мен сенің айнымас серігің,
Жүрекпін.
Көркемдікті қадірлесін деп,
Көкірегіңе әсемдіктің нұрын сеуіп,
Үлбіретіп гүл ектім,
Ғұмырыңның тұтқасы
Мен саған сүйеніш-тірекпін
Мен жүрекпін –
Тынымсыз мотор тәрізді
Жаңына жалын, от құйып,
Тіршілігіңді түлеттім.
VІІ
О, жан иесі,
Мен жүрекпін,
Маған аян,
Бар тарихың,
Соқпағың,
Өткендерің,
Не көрмедім,
Басымнан не өткермедім.
Ұмытам ба жастықтың
Жалын атқан көктемдерін
Өзегімді шарпыды
Өбіскен еріндердегі лептер менің.
Дариядай дарқан бір сезім кернеп,
Қанаттандым,
Көгершін боп көкке өрледім,
Мен не көрмедім,
Басымнан не өткермедім.
Көрдім мен Құнанбайлар,
Қодарларды таспен атып,
Ар-намысты
Ат артына бөктергенін.
Ұмытам ба жазықсызға
Жалақтап от төнгенін.
Бір-біріне үздігіп ұмтылғанда.
Ұмытам ба,
Еңлік пен Кебектің қабысқан құшағын
оқ бөлгенін
Әлі есімде кесапат кесірлікке
Өшіге кектенгенім.
Найзамен түйреп, шапқышының
Қызыл қанға бөккен қолын,
Ұмытам ба Қобыландарды,
Қамал бұзып қорғаған көк пен жерін.
VІІІ
О, жан иесі,
Мен жүрекпін,
Қалтырасаң жылытып,
Қыздырамын, шоқ басам.
Мәз болып,
Рақаттана күлмес едің,
Жанына бал құйған
Ләззаттың не екенін білмес едің,
Жайраңдап,
Жайбарақат жүрмес едің.
Тірлік кешіп,
Өмір де сүрмес едің,
Егер де мен
Бір секундқа тоқтасам,
Жалын құйып денеңе
Жанартаудай буырқанып,
Мәңгіге соқпасам...
ІХ
О, жан иесі,
Мен жүрекпін,
Сабырымды сарқып,
Сан рет сарылтып,
Сандалтып жүдеттің.
Талай рет үрейдің үңгіріне қамап,
Тамырымды талдырып ыршыттың.
Додасына да салдың.
Долы тағдыр-қырқыстың.
Өгейліктің зарын шегіп,
Өксідім, өзегімнен мұң сықтым.
Беймезгіл жаралады,
Жалаңдаған қайғы қылышы
Жоңғарлар мен шүршіттің.
Наполеонның жауыз кеудесінде
Торға түскен балықтай тұншықтым.
Гитлердің сұм пиғылына куә боп,
Зерем кете түршіктім.
Төбемнен жөңкіле көшті
Шым-шытырық заманалар.
Шатасқан жібіндей ұршықтың.
Түтін мен түнекті тілгілеп,
әзер тауысты-ау,
Өткір сәулесі қыршып күн.
Қаралы күйін сарнатқан,
Келмеске кетті сыңсып түн.
Х
О, жан иесі,
Мен жүрекпін,
Мен сенің ортақпын
Мақтанышыңа
Көп сырыңа.
Данышпандық көгіндегі
Дара тұрған қос шұғыла –
Маркс пен Энгельстің
Дәнекер болдым достығына.
Ленинді де бастадым мен
Ақыл мен ойдың биік шоқтығына.
Революция дабылын қақатым,
Айналып «Аврора» зеңбірегінің оттығына.
Шабыттана шалқытып,
Октябрьдің маршын ойнадым.
(Дүние дұшпендарына соққы бұ да)
Дауылда туған ұландардың
Дәстүріне ұрпақтары етті мұра.
ХІ
О, жан иесі,
Мен жүрекпін,
Махаббатқа аңсары ауған,
Қозы мен Баянға ыстық сезім сыйладым.
Халықтың кегін қайтарған жаудан
Төлегенге батылдық пен төзім сыйладым.
Ұлы Абай мен Мұхтарға
Дананың сөзін сыйладым.
Жаңа туған нәрестеге,
Жайлы төсек,
Жаздың жайсаң кезін сыйладым.
Жоқ іздеп жортқандарға,
Қиядан шалар
Қыранның көреген көзін сыйладым.
ХІІ
О, жан иесі,
Мен жүрекпін,
Ту баста кінәсыз болып жаралғам.
Ақ сүтке шомылып,
Аналардың мейірімінен нәр алғам.
Сылқым кештер сырларына бөктіріп,
Сыбызғы тартып,
Жұпарын сепкен таң алдан,
Сарқылмас ұшқын жинадым,
Сағына төнген жанардан.
Пабло Неруданың жыры болып,
Азаттық, еркіндік деп
Дабыл қақтым қанды түрме, қамалдан.
Жақсылықтың ғана лебін күтемін
Жар салып келген хабардан.
Мынау жұмыр жердің бетіндегі
Қабырғалардың, қырмызылардың
Болса екен бәрі аман
Ізгі ойлар ғана туса екен
Ізденгіш зерде, санадан.
Майыспаса екен жұмыр жердің білігі
Қайғы мен наладан.
Өрт қаулап кетпесін
Бықсыған түтін-шаладан,
Қырағы болыңдар, сақтаныңдар.
Әділет үшін күреске аттаныңдар,
Бүкіл планета,
Ақ ниетті бар адам.
ХІІІ
О, жан иесі,
Мен жүрекпін,
Қайырымдыларға сүйінгем.
Қаныпезер қаталдарға,
Қапаланып күйінгем.
Еш пенде мезгілсіз
Бөлінбесе екен үйірден.
Кешірмеймін қатыгездерді
Қанжар сұққан бүйірден.
Қабырғам сөгілердей
Қан жылап езілемін.
Қабақтарды көрсем қайғыдан түйілген.
Сорлылардың басына
Содырлы шоқпар үйірген.
Жоғалыңдар, ажалдың алжыған құзғындары
Адамға өлім тілеп,
Өлексе көрсе шүйілген.
Айтқанымнан қайтпаймын,
Қанша қысым жасасаңдар да
Нық тұрам, тік тұрам,
Берілмен, иілмен.
ХІV
О, жан иесі,
Мен жүрекпін,
Жау ордасы күйреп,
Ұлы Отан соғысы аяқталғанда,
Жауыздық құрып біткенде,
Егоров, Кантария, Қошқарбаев
Рейхстагқа ту тіккенде,
Жалмауыздай жалаңдаған
Фашизм тізе бүккенде,
Салтанат сағатын
Жұрт ынтыға күткенде,
Жеңіс салютін атқан кім
Биік самғап Гагарин
Құстан да,
Бұлттан да
«Восходпен» ұшқанда,
Орбитаға шырқап шыққанда,
Адамзат атаулыдан,
Сүйінші сұрап,
Айнала шапқан кім:
Жан-жаққа жар салып,
Жаңалық дабылын қаққан кім?
Ол менмін,
О, жан иесі,
Мен жүрекпін!
Сенің мерейіңнің арқанын көріп,
Сәтті қадамыңа
Бірінші болып шаттандым,
Тасыған қуаныштан
Жарыла жаздауға шақ қалдым.
Адамның асқан мәртебесін мадақтап,
Бірінші болып мақтандым,
Жерге оралған космонавты қарсы алуға
Бірінші болып аттандым.
Сол салтанатты сәтте
Жырымды да,
Күйімді де,
Сырымды да,
Әнімді де
Тек саған арнап,
Көл-көсір етіп ақтардым.
ХV
О, жан иесі,
Мен жүрекпін,
Сен ұнатқандарды
Мен қашан қорғамадым?
Қызығыңа қажет қылсаң
Құрақ ұшып
Құлшынбай, қашан қорғаладым?
Толыса түссін деймін
Торқалы тойлы замандағы
Еңбекпен тапқан қазына – олжаларың.
Үнемі бұзылмасын деймін
Пәктіктен туған қормал әнің.
Ұлағатты шежірелердің
Ұласа берсін томға қалың.
Сенің иілігің үшін
Толқимын, толғанамын,
Сен әсер алсын деп,
Құрманғазының саусағы болып,
Қос ішекте жорғаладым.
Сенің құмарың қансын деп
Күләштің көмейінен
Тәтті әуез,
Әсем әуен болып сорғаладым.
ХVІ
О, жан иесі,
Мен жүрекпін,
Тірлігіңе қызу берген,
Көкірегіңде сапырған от.
Кеудеңде мен дүрсілдеп тұрғанда
Бір-біріңе суық қарама
Өрттей жанып лапылдап от,
Абайсызда ажырассаңдар
Қайтадан табысыңдар ақылға кеп.
Барлық жүректер атынан айтарым:
Тоқтатылсын
Иран-Ирак шекарасында атылған оқ?
Ауғанстан тауларын кезген адасқандарға
Кеңес берем:
- Алданба азғыруға, сатылма, - деп.
О, Рейган мырза,
Адамзатты ажалға итермелеп
Арпалыспа, Алжаспа,
Шатылма көп!
Жер шарына өктемсіп өкіміңді
Жүргізуге келмейді әлің,
Қоқандауғақақың да жоқ!!!
Уақыттың игілігі үшін,
Найза ұстап желіккен жендет емес,
Еңбек етіп шыңдалған батыр қажет.
ХVІІ
О, жан иесі,
Мен жүрекпін,
Түсін мені, сырымды дөп басып оқы.
Ұқ менің өзеуреген өксігімді
Өзегімді жаралады.
Палестина қайғысы
Сальвадордың қасіреті.
ХVІІІ
О, жан иесі,
Мен жүрекпін,
Менмін – сенің табынарың, тәңірің.
Барлығыңнан жасы үлкен
Көпті көрген кәрімін.
Бақастықпен қоштасыңдар,
Достасыңдар,
Өсиетім, тәлімім.
Күрсінбеймін,
Шаттыққа елтіп дүрсілдейін,
Қасірет атаулы тұрсын кейін,
Көрмейін сұм соғыстың
Сойқаны мен жәбірін.
Жұта берейін
Алтын күннің жарығын.
Тыңдай берейін
Тыныш түндердің,
Сабат сазын, сарынын,
Қиындыққа төзуге,
Жетеді менің сабырым.
Космосты да кезуге
Жетеді менің қарымым.
Алып менің адымым.
Осы менің тілегім,
Осы менің үмітім,
Осы менің әмірім!





Пікір жазу