17.09.2022
  116


Автор: Танакөз Толқынқызы

Жүрегім жүрегіңді бесік етті

Жүрегім жүрегіңді бесік етті
Бейтаныс өзегімді кешіп өтті.
Ақыры ақын болып кеттім мен де
Өмірдің оған, айтшы, несі кетті?
Кеткен жоқ ештеңесі ешкімнің де,
Адасып келгенімді кеш білдім бе?
Мен кенет таудай болғым келіп кетті
Содан соң саған қарап өстім күнде.
Тұратын тек биіктік тілеп қана,
Бұл таулар көк аспанға тірек қана.
Кеудемде ештеңе жоқ, бар болса егер
Қазақ деп соғатұғын жүрек қана.
Өлеңге көңілімнің есі кетті
Оралмай балалықтың көші кетті.
Жаралы жолбарыстай қалдым жалғыз
Өмірдің оған, айтшы, несі кетті?





Пікір жазу