17.09.2022
  110


Автор: Танакөз Толқынқызы

Жүректің баспалдағымен

Жүректің баспалдағымен
Сезімнің шықтың басына,
Өрт болып басталғанымен
Бармадым сенің қасыңа.
Опасыз ойын бұл деген
Күл болып тұрып өлмейсіз.
Бөтен бір бақта гүлдеген
Кеудеме кіріп келмейсіз.
Жатырқап әрі сағынып,
Екі өмір тұрар қасарып.
Көңілден қусаң жабылып
Көзіңде тұрар жасарып.
Түсініп тіпті болмайтын,
Түс көріп жүрмін өңімде.
Жоғалды хатым жолдайтын
Өмірде емес көңілде.
Күрсініп тұрып күлемін,
Айналып жаным жазуға.
Керісінше өмір сүремін
Маңдайға біткен жазу ма?
Жүректің баспалдағымен
Көтеріп қайда барасың?
Өрт болып басталғанымен
Өзекке біткен жарасың.
Қалыс қалуға жоқ айла,
Опасыз ойын бұл неткен.
Жаныма батқан шоңайна...
...Қараймын неге құрметпен?





Пікір жазу