ЖҮРЕКТІ ОЯТПАУЫҢ КЕРЕК ЕДІ
Сен мені өшірдің бе жүрегіңнен,
Сол қалпы ағаң байқұс жүр егілген.
Өртеніп өзек құрғыр өрт-алауға,
Сен жайлы талай-талай жыр өрілген.
Халымды білмейсің бе, білесің бе,
Дəрмен жоқ мұқтаж мұңға ілесуге.
Өбісіп тұрған шақтар өліп-өшіп,
Қалды ма, қарғам, сенің бірі есіңде?
Ұмыту мүмкін емес бəрін мүлде,
Жетеді сағынышты əнім кімге?
Кетпейді таңдайымнан бал-шырындай,
Тəтті тілің, шіркін-ай, əлі күнге.
Құпия құштарлықты толғайды əнім,
Лақтырам көңілге ойдың толмай бəрін.
Жүрсің бе, өз ішіңнен батына алмай,
Шырылдап сағыныштан торғай жаның.
Не деген сиқыр еді сезім деген,
Түскендеймін тұңғиық теңізге мен.
Сезесің бе, сені ойлап құралай қыз,
Таңдарым қанша екенін көзілмеген?
Атады қызыл нұрға бояп таңым,
Келмейді сағынышқа тояттағым.
Амал не, керек еді əуел баста Арыстан жүрегімді оятпауың.
Кешқұрым жалғыз жұлдыз жанады да,
Сөнбейді, ол да мендей жаралы ма?
Жалт етіп қараушы едің бота көзбен,
Сидырып мені түгел жанарыңа.
Сияқты қиял дерсің қуған сағым,
Тамсанып қала берер құр аңсарым.
Кететін қарағыштап бір бала қыз,
Жаба сап ту иыққа қолаң шашын.
Содан соң түк білмеген кісідей-ақ,
Біреудің сүп-сүйкімді құсын аяп.
Тұншығып қала берер ғашық көңіл,
Соны да кетесің бе, түсінбей-ақ.
Мен сені сүйіп едім, күйіп едім,
Сен мені сүйіп едің, күйіп едің.
Екеуімізді екі жерде азаптаған,
Махаббат, сен не деген қиын едің.
Сен де бір нөсер– сезім бұлағы едің,
Еркіңмен құшағыма құлап едің
Кеудеме басың сүйеп елік, қарғам,
Көз жасыңды жасырын бұлап едің.