13.09.2022
  167


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

Ызғарымен ықтырған ізгі үмітті...

Ызғарымен ықтырған ізгі үмітті,
Ала құйын көңілім күзді күтті.
Күзді күттім үзіліп, үздігіп мың
Алабұртқан күйіндей қыз-жігіттің.
Күзгі жауын... кінәмшіл,
күдігі көп,
Тарқатылды арудың бұрымы боп.
Түзге көктем келсе де жібімейтін
Күз боп өткен жандар-ай
жылуы жоқ.
Сары жалқын нұр сіңген шалғайына,
Тәңір алтын тылсыммен тал бойына,
Тізбекті өмір тырналар топ құрғанда,
Күз деп ғұмыр басыпты маңдайына.
Бес күндіктің базары бар ма қолда?
Арман дейтін адастым арда жолда.
Күз мұнары кейіпті ізгі жаным
Күте-күте көктемін қалған ол да...
Күмілжуін қарашы күзгі өңірдің,
Қылымсуын қайтесің қыз көңілдің.
Ақыры атар таң болса атырапқа
Жөні болмас оны да сыз көрудің.
Айдың сұлу дидарын бұлт қамайды,
Көз бояған көктемге жұрт қарайды.
(Көктем ару қай көркін тықпалайды?)
Күзді сүйем!
Өйткені, ол жалтақтамай
Дүниенің көзіне тік қарайды...





Пікір жазу