12.09.2022
  149


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Ана тілім

Қайда жүрдің киелі Ана тілім?
Айрылдым ғой, алпыс жыл бұдан бұрын.
Жайқалмады егінің, өзің еккен,
Жайнамады ашылып қызыл гүлің.
Япырмай, жетім тастап қайда кеттің?
Көздің жасын, көкіректің шерін төктім.
Сен бар кезде досыма назымды айтып,
Сен арқылы дұшпанға сес көрсеттім.
Қаным-сөлім сен едің, жаннан қымбат.
Сенсіз мені көрмейтін, ешкім тыңдап.
Көкірегіме нұр құйған қайран асыл,
Бейтаныс, болып тұрсың балама жат.
Қайта айналып келдің бе, қайран тілім?
Сөз атасы – Майқыдан қалған тілім.
Бұхар, Дулат, Абайлар терін төгіп,
Сәкен, Мұхтар арнасын салған тілім.
Сен кеткенде сан-сала салтым кетіп,
Кірбең тарттым, кеудемнен салқын өтіп.
Айдынынан айрылған аққу-қаздай,
Құрақ ұшып күн кештім, қалт-құлт етіп.
Сенсіз қайтіп биікке шыға аламын.
Табам бәрін сенімен, сыбағаның.
Сенсіз жерде, арадай ызылдаймын,
Сен бар жерде мың бұрма шығады әнім.
Шуақ төгіп, жарқырап атсын таңың.
Саған деген өзгерсін, өссін таным.
Егер сенің жетпесем қадіріңе,
Туған ата-анамды жатсынғаным.





Пікір жазу