10.09.2022
  174


Автор: Рза Қунақова

Ана тілді анам тұңғыш үйреткен....

Ана тілді анам тұңғыш үйреткен,
Осы тілде алғаш мені сөйлеткен.
Ана тілде сырын ұқтым өмірдің,
Ана тілде жырын ұқтым көңілдің.
Ана тілде тіл табыстым басқамен,
Ана тілде ойып жазам тасқа мен.
Ана тілде шырқалады əнім де,
Ана тілсіз болмайды ешбір сəнім де.
Ана тілсіз таныта алман елімді,
Ана тілсіз жырламаймын жерімді.
Ана тілмен жазған Абай өлеңін
Осы тілді Ту етіп мен келемін.
Өз тілінде Парижде Əміре əн салған,
Ұйып тыңдап, тыңдаушысы тамсанған.
Осы тілмен əлдиленер балам да,
Осы тілмен əн салады далам да.
Ана тілім – сезім, жырым нəр алған,
Аналардың ақ сүтінен таралған.
Ана тілім анам маған үйреткен,
Осы тілде мені алғаш сөйлеткен.
Ана тілде сөйлейміз жас, кəріміз,
Құрметтейміз, сүйеміз біз бəріміз,
Ана тілі – бəріміздің арымыз.





Пікір жазу