09.09.2022
  109


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Үміт

Тау да өлең, шоқы да өлең, қырат та өлең,
Ол қалай өлең деген сұрақ берем.
Өзгеріп көңіл күйі қас қағымда,
тауға шығып,
қыраттан құлап келем.
Үнемі бар жазатын өз қыратым,
Сақтамай ескерткіштей сөздің атын.
Сол қырат жолдан бүгін алып қалған,
Сол қырат ертеңгі күн оздыратын.
Білмеймін не тындырып өндіремін,
Бәрін де ар алдында төндіремін.
Бір өлең жазылмай-ақ қойсын мейлі,
Бір күнім адал өтсе болды менің.
Айналып шаруамен әлденендей,
Келемін кейде өлеңге мән де бермей.
Достарым көпшік тастап ақын дейді
Ештеңе тындырғам жоқ бәлденердей.
Қарасам болашаққа күліп мен де,
Емеспін құр алақан үміттен де.
Әншейін қанағатпен жүргенім жоқ
Қолыма не болса сол іліккенге.
Қайтейін бәрін айтып дабыра ғып,
Асуға ұмтыламын тағы барып.
Сол биік көз ұшынан кетер емес,
Үміт деген шамшырақ – жарық алып.





Пікір жазу