09.09.2022
  114


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Ана тілі

Көз сүйсінтер бала мүсін, дана түр,
Тұла бойды кернегендей бар ақыл.
Сол бейнеден айтарыңды бұлжытпай,
Уыз дәммен жеткізеді ана тіл.
Ана тілі – ең нәзігім, ең еркем,
Бұл жалғанда кім бар оған келер тең?!
Өз тілімде бүгін ойды аяқтап,
Өз тілімде сөз бастаймын мен ертең.
Өз тілімде ән шырқайды құс таңдай,
Қанатты сөз әлем кезіп ұшқандай.
Шыңыраудан шығаратын сезімді,
Өз тілімде қуат қандай, күш қандай!
Анам мені осы тілмен әлдилеп,
Әкем тағдыр талқысына салды илеп.
Өз тілімнің сазын айтып құйқылжып,
Бара жатыр қызыл-жасыл шар билеп.





Пікір жазу