09.09.2022
  149


Автор: Қанипа Жапанқызы

Сабыр – ақыл, сезім – жүрек діңгегің

Мереке күн, маужырап тұр қалашық,
Жұбай екеу жұптарымен жарасып,
Кезекте тұр бекетінде көліктің,
Алдыңғылар шығып жатты таласып.
Күте тұру қажет болмай тіпті әрі,
Ұмтылды олар...оңайлықпен шықпады.
Сүңгіп барып көп адамның ішіне,
Қолтықтасқан кетті ажырап жұптары.
Жігіт сонда көз тастады молынан,
Қысылған жұрт бірін-бірі торыған.
Көп ішінен бір сүйкімді алақан,
Ұстай алды созылып кеп қолынан.
Әрі жұмсақ, әрі аялы сұлу қол,
(Бұл ләззәтті татқан сынды бұрын да ол).


Көп ішінен көзі маған түсті-ау деп,
Жігітіме тым жұғымды білінді ол.
Сүйрік саусақ, аппақ ұлпа білекті,
Қысып қойды жігіт қолы тым епті.
Жан жылуы алақаннан өтіскен,
Төк өткендей тітіретті жүректі.
Көрмегенмен арудың бой-реңін,
Қолы қандай аялы да жылы еді.
Саусақтардан тарап жатқан ләззәті,
Минуттардың үзілмеуін тіледі.
Тұрды автобус бекетке кеп ышқынып,
Апыр-топыр, бет-бетімен түсті жұрт.
Әлгі қолдың уысында қия алмай,
Танысқысын қойды жігіт қыстырып,
Келіншегі түсіп жатса көліктен,
Жігіт жерде сілейіп тұр неліктен?
Таяп қапты жігітіне-қатерлі,
Ұшыртып бір жүк машина желіккен.
«Бейғам тұрды-ау мені іздеп» деп ұғынды,
Құтқармақ боп жан ұшырып жүгірді.
Жол шетіне итерді де жігітін,
Қан-жоса боп қарсы алдына жығылды.
Жер жарылып сілкінгендей тау құлап,
Жатыр жары жан үзгелі жаудырап.
Жаңа ғана «бақытты» еді жігітім,
Қалай ғана қасырет боп ауды «бақ».
Өкінді ол қос қолымен басты ұрып,
Сайтан сезім көз алдынан қашты ұлып.
Көрді сонда келіншегінің қолынан,
Танысқысын уыстаған тас қылып.


Қас қағымда сайтан сезім жолдағы,
Адамдығын, ақылын да торлады.
«Сезім буып» тұрғанында сенделіп,
Жан жарынан айырылды да, сорлады.
Жарға деген адалдығын тұп-тұнық,
Келіншегі кетті міне ұқтырып.
Жаны сұлу адам ғана осылай—
Көрсетеді жанкештілік, мықтылық.
Қамшыласаң күпірліктің көлігін,
Айланады сергелдеңге сері күн.
Сүрінесің сүрлеуіне сайтанның,
Құрбандық боп қолыңдағы елігің.
Екі жолдың айырығына келесің,
Таңсық көрме жын-ойнақтың елесін.
Бір шынтақтан айланасың жаңылып,
Адасқақтың апанына енесің.
Сабыр - ақыл, сезім - жүрек діңгегің,
Солқылдатса жеңіледі кімде-кім.
Ұрпақ үшін, отбасы үшін азамат,
Бүтіндігін ірітпейік іргенің.





Пікір жазу