ЖҮРЕГІМ, ҚАЙРАН ЖҮРЕГІМ!..
Жүрегім, қайран – жүрегім!...
Шертпеген сенде...
Мұң бар ма?..
Ту етіп ерлер сүреңін!
Атойлап шығып,
Қырларға...
Арқыраған ат мініп,
Ат құйрығын шарт түйіп,
Арқамыз біздің қозар ма?
Немесе қуып сағымды,
Сарсаң боп жатқан құмдарда,
Қағынан безген құландай,
Құмығып үнің тынар ма?..
Мұңыңды тыңдар –
Бар кімің?
Шыныңды тыңдар –
Бар кімің?
Қолыңда тұрған алтынның,
Көрер көз қайда... Жарқылын!?
Тораңғы сайда,
Сар белде –
Тобылғы шығар шоқтанып.
Сауықпен өткен сан жерде,
Санасыз күнді –
Жоқтадық!
Қаңғыбас келсе,
Жалбақтап!
Жабыла төрді ұсынып,
Қонақтар жатыр жамбастап,
Құлағын кескен құлынша,
Есікте жүрміз қысылып!..
Мәңгүрттік меңдеп сананы...
Ұсынып төрді жат жанға,
Қаптаған әкім даланы,
Шекпенге сатып жатқанда,
Көлденең өткен көк атты,
Өткенге сатып жатқанда...
Сонда да бір сәт қыңбадық!
Тұрғанда таулар тұлданып.
Батырлар жортқан далада,
Атасын білмес құл қалып...
Шегіртке қаптап жеріме,
Қылтанақ өспей,
Қыр қалып.
«Маралды» – өзен,
«Марқакөл» –
Қарамай төгіп бұлғадық!
Оңаша сәтте өксіген,
Қобыздың үнін тыңдадық!
Тыңдадық...
Үнсіз түнеріп,
Шөкелеп жатқан жондарда...
Көкжиек асып,
Күн өліп,
Тыңдады далам сормаңдай!..
Қаңыраған жұртта ит ұлып...
Тозғанда халқым сормаңдай!..
Коммунист пе...
әлде, шовинист!?
Үйреткен ақыл шетінен.
ҚАЗҚҚА бірі ел емес,
Соларға сеніп өтіп ең...
Тұлпары тулақ,
Ері аруақ!..
Торғайдай тозып кетіп ең.
Босқындар көшті үдеріп...
Өлгенін шала жасырып.
Тірліктен үзіп күдерін,
Көз жұмды сәби...
Ашығып!
Адыра қалды ата жұрт!..
Төсінде сүйек шашылып...
Қаптады мұжық далаға,
Айласын солай асырып!..
Əлденіп алды кәззаптар!..
Арбасын сүйреп...
әзер кеп!
Ал енді қазір ҚАЗАҚТАР:
Өзінің Атамекенін,
Өзінің ЖЕРІ екенін...
КƏЗЗƏПҚА –
ЖАТЫР ДƏЛЕЛДЕП!