ҒАШЫҚТАРДЫҢ ЖҮРЕГI
Жас сұлу жеңгесiне сыр ақтарды,
«Ол менi сүймейдi...» деп жылап та алды.
Тұтатты әрбiр сөзi жеңгесiнiң
Жанында сөнiп қалған шырақтарды.
Ол дағы есiне алды ерке күнiн,
Ойлады жас дәуреннiң келтелiгiн.
Тiгуге асықпады қолындағы
Ерiнiң костюмiнiң желкелiгiн.
«Жылама, бәрi де өтер, бәрi де өтер,
Таңдайдан ләззаттың дәмi кетер.
Күнi ертең есi кiрiп ессiз неме
Сен үшiн бар ғұмырын тәрiк етер».
«Жоқ, жеңге, ессiз деме,
Ол – ақылды.
Өзге емес, ол мен үшiн жаратылды.
Келмедi...
Алдады...» деп қыз кемсеңдеп,
Көзiмен тiнте бердi қара түндi.
«Сен ондай қайырымсыз қасқаны ұмыт,
Табылар одан да әйбат, басқа жiгiт.
Бойында махаббаты болмағанның
Күтпе сен ажарынан босқа үмiт».
«Жо-жо-жоқ! Сүйемiн мен соны ғана,
Ол болса санайды әлi менi бала.
Сүймейдi...
Мен... өлемiн... Ендi маған
Өмiрден ондай бақыт жолыға ма?..»
Сол кезде тықылдады қап-қара әйнек,
Сыртында терезенiң «әттең-ай» деп,
Кешiккен кездесуге жiгiт тұрды:
«Қара басып, Құдайдың атқаны-ай!» деп.
Өрт – сезiм,
Көз жасының сырын әлi
Кешiкпей өмiр – жеңге ұғынады.
Осылай от пен суға суарылып,
Жүрегi ғашықтардың шынығады!