31.08.2022
  120


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖҮРЕГIМДI АУЫРТТЫҢ ҒОЙ

Жүрегiмдi ауырттың ғой, жарығым,
Аласұрдым, арпалыстым, арыдым.
Тағдырымды бүгiн ғана таныдым, –
Бәрi уайым, бәрi күмән, бәрi мұң.
Жүрегiмдi ауырттың ғой, жаным-ай,
Таудай көңiл талқан болды тарыдай.
Жүре берер тәңiрiн де танымай,
Ақын – арлы, әрi жарлы, әрi бай?!
Жүрегiмдi ауырттың ғой, ардақтым,
Неге сонша ақырзаман орнаттың?
Азуымды айға бiлеп, сор қаптым,
Жем екенмiн ұшындағы қармақтың.
Жүрегiмдi ауырттың ғой, асылым,
Бұрқ-сарқ етiп, қайнадым да, тасыдым.
Ақында ешбiр сыр болмайды жасырын,
Ол бiлмейдi өмiр сүру тәсiлiн.
Жүрегiмдi ауырттың ғой, балам-ай,
Жалғыз өзiң бастағанда бұлағай,
Күрсiнемiн: «Қайтсын-ау деп жыламай,
Төрт әйелi түтiп жеген ұлы Абай!»





Пікір жазу