31.08.2022
  145


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Қияли өлең

Аспанның түбi – құрдымда
Ай туды сүтi төгiлiп.
Телмiре қарап тұрдың да
Жыладың кенет егiлiп.
Күмiсiн шашып табақ Ай,
Қылаңытқанда сай-жылға.
Қамыға қалып қарадай
Қайырлап кiрдiң қай мұңға?
Жыладың үнсiз,
Жыладың,
Жабырқау, жадау жүзбенен.
Жүректегi асау бұлағың
Жүгенделдi ме мұзбенен?
Қос көлдiң бойы – кемерден
Қара орман кiрпiк сiлкiндi.
Жыладың үнсiз.
Төбеңнен
Толғана қарап түн тұрды.
Көз сап ем мен де Ай – қызға,
Бұзылды көңiл қаймағы.
Ақ жүзiн жасы айғыздап,
Жылап тұр екен Ай дағы...
«Жылама!» дедiм...
(Кеңес ол).
«Ие бол, дедiм, көзiңе...»
Сенi мен Айға емес ол,
Айтылған едi өзiме!





Пікір жазу