31.08.2022
127
Жүрегiм-ау, сен кеудеме сыймадың...
Жүрегiм-ау, сен кеудеме сыймадың,
Мен бөлмеме сыймадым.
Беу, тентегiм, неге бұлай туладың,
Бұлқынысың бүгiн маған беймәлiм.
Бүгiн менiң отырғым жоқ бөлмемде,
Асау көңiл әлденеге шөлдеуде.
Аула жаққа жанар нұрым тартады
Бiр сәйгүлiк тұрғандайын белдеуде.
Лақтыра сап қағаз бенен қаламды,
Мұңнан безiп тұмандатқан санамды.
Сырып тастап үстелді де жолымнан,
Сырып тастап қабырғаны – қамалды,
Тартып кетсем деймiн мен
Қара жерге қадай басып қадамды.
Тар құндаққа қалай қиып кеткенмiн
Кең құшағын ашып жатқан даламды?!