31.08.2022
83
ЖАПЫРАҚ ЖҮРЕК...
Бір жүрекпіз – жырға толы кеудесі,
Сағынамын... өртенеді өзегім!..
Өлеңімнің аласармас бейнесі,
Өмірде де, биік болса деп едім!
Елесіңмен атқызамын ақ таңды,
Қалдым бәлкім: өң мен түсті айырмай.
Қаңқылымен қаз бояса аспанды,
Жүрек сыздар – Күз тонаған қайындай!
Айтсам деген – әнім едің, Аяулы,
Күз бенен қыз қатар жанды қинады?!..
Көңіл – көлге батырсам да «қаяуды»,
Сезім – көлі арнасына сыймады.
Жүрегімнің бәйшешегі ең, Көктемгі,
Күз көңілге – Көктем лебін сыйлаған.
«Өткен күн бе, өткен күнде көп белгі»,
Күз бенен Біз сағынышпен жырлаған...
Егіз – жүрек, мөлдір – сезім, Іңкәрлі,
Біздің жүрек – сарғайған бір жапырақ!
Көктемім ең, көгертетін ынтамды,
Біз секілді сарғайыпты–ау, атырап...