31.08.2022
  168


Автор: Ербол Бейілхан

ӘЖІМСІЗ ЖҮРЕК...

Құлыпқа салған ескі мұңымды қозғама,
Ол қозғалса бозылдайды боз дала...
Ақынның тілі кестелей алмас сезімді,
Жеткізеді көз ғана.
Көнерген жанмын, өтіп бір кеткен шақтардай,
Қиялым тауда, арманым зеңгір аспандай.
Оқылмайды ойларым ауыр батпандай,
Сарғайып тозған хаттардай.
Сағыныш меңдеп, күрсінеді айналам,
Өлең боп ұшты бұлбұл құсым сайраған.
Шуағын төккен күн күлімдеп сырласып,
Хат жазады Ай маған.
Аспанда емес, жер үсті менің тұрағым,
Тот баспас асыл көнеден қалған мұрамын.
Сағыныш толған, шерлі кеудеден төгілер,
Қобыз сарынды бір әнім!
Дариға-ай, қимас, қаларсың бір күн
бұла күн,
Көкдөнен көңіл несіне төмен құладың.
Уақыт салған шимайды беттен көрдің де,
Әжімсіз жүрек жыладың...





Пікір жазу