29.08.2022
  102


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Жүрек толқындары

Тебінгендей бола қап теңге құлақ,
Салындыдай сандалып сеңге құлап.
Нелер сыпсың сөздерді естісең де,
Мен айтты дегенге сенбе бірақ.
Досқа досты табынтып, табыстырып,
Кім бар дейсің жүретін қабыстырып.
Біздер егер бір табан жақындасақ,
Дұшпан айтар бір көш жер алыс қылып.
Біреуменен біреуді қағыстырып,
Жүргендігін бойына намыс қылып.
Ойламайтын жандарға ой түсіріп,
Біз ойлайық, достарым, шабыстырып.
Мен айтсам ғой – достықтың сөзін айтам,
Кімге айтсам да бетпе-бет көзіне айтам.
Мені алатын алдашы болсаң да сен,
Жақпай қалсаң жамандап өзіңе айтам.
Түңілме, сен, өмір сырын мол ұқсаң,
Өзіме кел, өзгелерден торықсаң.
Амалым не, түңілерсің менен сен,
Қапелімде қастарыма жолықсаң.
Олар мені салпаңдатар сан-саққа,
Саскеңірдек болып жүр деп мəнсапқа.
Олар мені сілкіп алар оңдырмай,
«Иттің аузы қашандағы қан соқта».
Илан досым, ақиқатқа мен десең,
Мені даттап, айтқан сөзге сенбе сен.
Сұра менен сына мені өзің кеп,
Мен шендессем – көлгірлермен шендесем.
Өліп-талып біреулер мал жияды,
Малыменен шалықтап шалжияды.
Ал, біреулер жан терін төгіп жүріп,
Адам үшін мысқылдап бал жияды.
Кейбіреулер дүние-мүлік теріп,
Маңайына қарайды күдіктеніп.
Өмір бойы өз қамын ойлап олар,
«Дүние» деп өледі бүліктеніп.
Жүреді енді біреулер мəнсап күтіп,
«Бастық»-деген атауды аңсап-күтіп,
Ондайлардың апандай ауызына,
Жақсы сөздер жүреді жаңсақ бітіп.
Ал, біреудің тілінен бал тамады,
Көпірме сөз – көк теңіз малтағаны.
Ондай жандар екеуді қағыстырып,
Арасынан өзіндік мал табады.
Ал, мені ғой əділет жақтай келсін,
Аз болса да берерін ақтай берсін.
Өмірдегі қызыл су, қылқұрттардан,
Əр уақыт «құдайым» сақтай көрсін!
Секілді едің ауылдың арыстаны,
Дүниені жүрмісің тауысқалы.
Айдаһардай ақырып тұрғаныңмен,
Бəрі өткінші, бəрі де ауыспалы.
Мейілі сен дауласып күн– түн егес,
Мұным шындық, əзілді күлкім емес.
Күні ертең айырылып байлығыңнан,
Тақыр кедей болуың мүмкін емес.
Өмір ғой, бұл өте тез пісуі де,
Суық шалып шіруі, үсуі де.
Тақымыңда тайпалған машинаңның,
Мүмкін ертең жалт ете түсуі де.
Күні ертең салқындар қызуың да,
Түгесілер думаның, қызығың да.
Саф алтындай салмақты мінезіңді,
Қажай-қажай мүмкін ғой бұзуың да.
Шағындалып бақытың, байлығың да,
Мүмкін дəмін татасың қайғының да.
Бүгін аздап таршылық көрген болсаң,
Мүмкін ертең жүзесің айдынында.
Он сегіз ойнақтатып гүл атқанда,
Ағынды емес пе едік бұлақтан да.
Сол бумен қаңтарда да күтінбестен,
Айырылдық тізеден де, құлақтан да.
Жан едік кеше əркім қызығарлық,
Сол бумен шарапқа да қызып алдық.
Аш ішіп,
Мұздай ішіп,
Мұрттай ұшып.
Бұл күнде денсаулықты бұзып алдық.
Он жастан асар-аспай түтіндетіп,
Өкпеге будақ-будақ түтін кетіп.
Шал болдық əудем жерге алқынатын,
Дал болып ауыздан да күтім кетіп.
Он жастан асар-аспай түтіндетіп,
Өкпеге будақ-будақ түтін кетіп.
Шал болдық əудем жерге алқынатын,
Дал болып ауыздан да күтім кетіп.
Отызда нұрымыз да солған екен,
Əжім де бетімізге толған екен.
«Қой» десе, кетуші едік өршеленіп,
Бəрі де өзімізден болған екен.
Егілсем мен еске түсіп өткендер,
Еңіреген ез болар деп сөкпеңдер.
Қол бұлғаса кейін қалған көктемдер,
Гүл шоғымен киінгенде көк белдер.
Арман болып аспанымнан өт деңдер.
Сонда ғой, мен аққу болып ұшайын,
Самал болып гүл төсіңді құшайын.
Шəрбат болып шалқарыңа толайын,
Шаттық болып жүрегіңе қонайын.
Сəуле болып дидарыңа тұнайын,
Бақыт болып маңдайыңда тұрайын.
Тамыр болып өн – бойыңа тарайын,
Өзім де бір каусарыңнан қанайын.
Тек осыған жеткізсін деп лəйім,
Армандастар, тілейікші ұдайы!
Ересейіп кеткендер,
Еске алсын деп жастығын.
Көзге ілмеген көктемдер,
Жинасын деп мастығын.
Жүрегімді жырлатып, жылуына жылынып,
Көпе-көрнеу соларға істеп тұрған қастығым.
Жас болмаған сияқты,
Тумысынан өздері.
Таптағандай ұятты,
Бақырайып көздері.
Жазбады деп еңбекті, сөгер мені біреулер,
Естен шығып албырттық, есалаңдау кездері.
Риза еткен Отанды,
Еңбегімен, қойымен.
Жазайын деп шопанды,
Дайындалып қойып ем.
Жүрегіне жақындап басып көрсем пернесін.
Қызжібектің ол – дағы ойлайды екен ойымен.
Сынап келген білегін,
Ерлерімді қолдағы.
Жазайын деп жүр едім,
Жетті ғой деп толғағы.
Қиындықты, сындырып, жүрсе де істі тындырып,
Ойлайды екен ішінен өз Баянын ол дағы.
Өлең – жырдан түңіліп,
Түк өнбеген қорлықтан.
Махаббатқа жүгініп.
Бəрімізді болдыртқан,
Түк білмеген сияқты жүргендерге қастық қып,
Мен де іздедім айғайлап Баянымды сондықтан.





Пікір жазу