28.08.2022
  145


Автор: Есләм Зікібаев

АНА ТІЛІҢ

Мен шал болдым,
Сен, балам, жігіт болдың,
Он бес жаста көп жерге жүріп келдің.
Сендейімде көрмеп ем мен ауданды,
Сен болсаң, талай елді біліп, көрдің.
Бермейміз деп бабалар жауға да елін,
Арғымағын жаратып, салған ерін.
Намыс үшін отқа да, суға түсіп,
Жібермеген бабалар жанға кегін.
Соны есіңе ал, құлыным, жер көргенде,
Бабаңа тарт, ерлігің ерден кем бе?
Əлди-əннен еліңнің күйін ұқтың,
Анаңның бесігінде тербелгенде.
Балам, енді жігітсің, он бестесің,
Намысы оттай ойнаған елде өскесің.
Жер кіндігі – Отаның, айқындай ғой
Өміріңнің сызғанда жол кестесін.
Ер жігітке шоқтығы ар атының –
Қайрылмайтын топшысы Ел қанатының,
Ер жігітке шындық – нəр қанатұғын.
Көп тілді оқып, үйреніп, ұшсаң биік,
Айналып тұғырыңа қайтып қонатұғын
Бабаң тілі – қасиетті Ана тілің.





Пікір жазу