20.08.2022
  160


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Ана тілім, Алашымның көзі едің...

Ана тілім, Алашымның көзі едің,
Өртенеді өзегім...
Үндемейді бесік жырын айт десем,
Өгей шеше – өз елім?!
Бүгін – барда, жайлауда едім кеше мен.
Шарап ішем қымыз ішпей кесемен.
Өзегі шер ұрпақпын мен азалы,
Өз анам жоқ...
Қалдым өгей шешемен!
Күнде – қарғыс, күнде – тергеу, сот маған.
Шатқан-бұтқан, оттаған –
Өгей шешем айналдырған ақ басын,
Өз әкемді танымайтын боп барам.
Зіл табандай – өтер екен қайтып жыл,
Жаңа ғасыр көшіп келмей, тайқып жүр.
...Жас баладай ұйықтап кетсем балбырап,
Түсімде анам бесік жырын айтып жүр.





Пікір жазу