Аққу-жүрек
(Баллада)
Аққу-жүрек бар боп шықты, таңғалғам,
Жан екен-ау кiмге болсын алданған.
Ар-əйнегiн сындырыпты сан мəрте,
Некелi жар құр құлқынын малданған.
Аққу-көңiл жоғалтыпты сыңарын,
Намыссыздың ойранына шыдадың.
Он алты жыл ащы суға тұншықтың,
Неткен төзiм, неткен берiк шыдамың.
Аққу-сезiм əлсiреген,
жаралы,
Оққа ұшқан шалқар сенiм маралы.
Соншама жыл мехнат түнiн кешсе де,
Жан сезiмi тапталмаған қар əлi.
Аққу-ниет сол бiр балаң қалпында,
Ауыр күндер өткен бастан ал тыңда!
Жанарына жас келсе де бiлдiрмес,
Мүжiлу жоқ əсте оның қанында.
Аққу-бақыт бал-бұл ұшқан жанардан,
Арман-мақсат тар қапасқа қамалған.
Жан дүниесiн басқандай ма алапат?!
Шерменде ой жүрекке кеп жамалған.
Iздеп шықты келмей жүрген жолдасын,
Сол күн оған шын мəнiнде болған сын.
Жатақхана болып шықты тұрағы,
Жүндей түтер төндi ойлар қорғасын.
Есiк ашты азып-тозған бейшара,
Арақ исi мүңкiп кеттi, не шара!
Күйеуi тұр нақсүйерi қасында,
Дегендейiн: «Түрiм осы, кел, қара!».
– Өз үйiңнен безiп, талай қаңғыдың?
Кешiрген ем,
қайта мiне даң қылдың.
«Қосағым» деп жаманатқа қимағам,
Ендi жабық саған көңiл-сандығым.
Дедi-дағы тысқа бiрден атылды,
(Кiрген кезде өжет сондай, батыл-ды).
Өз үйiнен қашып-пысқан күйеуi,
Тауып алған iшкiштеу бiр қатынды.
– Қал, – деп қалды, – анау ойлар қамыңды…
– Барам үйге, – деп күйеуi жалынды.
– Жекеменшiк күйеуiң бе? Немене? –
Нақсүйерi көкпеттiкке салынды…
Өттi күндер, айлар жылжып қаншама,
Дедi Қызы:
– Ұмыт, ойлап шаршама.
Ондай əке керек емес маған да,
Аман болсақ, өмiр сүрер бар шама!..
Өксiк қысты, жас төгiлдi жанардан,
Ана мен Қыз уайым-торға қамалған.
…Күйеу кеттi маскүнем боп бiреумен,
Белгiсiз-ау шығар қандай таң алдан.
Қалды жалғыз.
Қыз əкесiз.
Көңiл бос,
Арын таптап, тауып апты көңiлдес.
Қаншама жыл алдап келген сұмдық-ай,
Көзiнен жас қалай ғана төгiлмес.
Жазылар-ақ тəнге тиген пышақ-iз,
Арқа тұтып кiмдi ендi құшпақ қыз.
Түн-албасты ұйқы бермес мың арбап,
Ой-зымыран тiлгiлейдi пышақсыз.
Сатқындықты дұшпанға да бермесiн,
Дос-жаранның артынан сөз ермесiн.
«Шаңырағың шайқалмасын» деген сөз,
Дөп басқандай мұңлы көңiл пернесiн.
Аққу-жүрек, уақыт-шипа, емделер,
Серiгi де табылар-ау тең келер.
…Немерелер алдан шығар «апалап»,
Шашу шашар ақ ниеттi жеңгелер!