Аяулым менің, соғады сен деп жүрегім....
Аяулым менің,
соғады сен деп жүрегім,
Саған да өмір жеңіл емесін білемін.
Өзіңді ессіз сүйдім де, ессіз күрестім,
Аламандарда алыстан болдың тірегім.
Қара тырнағыңа зар болып қанша жүдедім,
Таппады ешкім іңкәр жүректің бір емін,
«Басқаға бақыт болсаңда мейлі, жарығым,
Аман болшы!», – деп, сыртыңнан тіледім.
Аяулым менің,
жұлдыздай жарық жұмбағым,
Жанымды қанша сыздатты мұңлы жыр жалын,
Толқытты айтқан шемен боп қатқан сырларың,
Жазады түбі осының бәрін бір дарын.
Аяулым менің,
сөздері мөлдір бұлақтай,
Ал жырың сенің төгіліп тұрған шуақтай.
Өзіңе деген адалдығымның айғағы –
Өтемін мәңгі махаббат туын құлатпай.
Жауапсыз қалған, қойылмай қалған сұрақтай,
Келмейді көктем жағалаулардан бу атпай.
Маған да бірде оралады ғой көктемім
Үмітімді ақтап, жастықтың туын құлатпай.