15.08.2022
98
ЖҮРЕК
Ерте салмақ түсті саған,
Бүрді дерттің қаршығасы.
Қанат қаққан құсқа ұсаған,
Қамқорым-ау, шаншымашы.
Жендет құсап қинадым ба,
Саған теңдеп бар бәлемді.
Пісіп тұрған ми бағында
Әпере алмай алма-өлеңді?
Көңіліңді қалдырдым ба,
Кесір жолмен келемін бе?
Шырматылам балдыр-мұңға,
Уайымның тереңінде.
«Өлеңдерің жылап кетті», –
Дейді маған бір адамдар.
Армандаған жырақ көкті,
Албырт жырлар, жыламаңдар.
Аман болсақ ән айтылар,
Кінәлама, жолдас өнер.
Көңілді жыр қалай туар,
Көңіл хошың болмаса егер?!
Тіршіліктің бірі мен ем,
Тарттым екен қандай айып?
Көз жұмам ба шыныменен,
Күн туса егер алмағайып?!
Мен биіктен сан атылдым,
Жете алмасам, бар ма амалым?
Табиғаттан жаратылдым,
Табиғатқа айналамын.