10.08.2022
  91


Автор: Рза Оңғарбай

ЖҮРЕГІМДЕ БІР ДАУЫЛ ЖҮРІП ЖАТЫР

Ескен шақта есер жел шапшаңдатып,
Атылғандай толқындар аспанға тік.
Шағалалар шарқ ұрып, шаңқылдайды,
Дегендей-ақ жасыма, жасқанба түк.
Толқындардың тебісіп, не түлені,
Өршелене көк теңіз өкіреді.
Буырқанып ызалы ышқынғанда,
Қарс айрылып кетердей көкірегі.
Табиғатқа қай пенде сын артады,
Теңіз төрі үрейлі мұнартады.
Бәтуасыз тірліктен безіп кейде,
Дулы жаным дауылға құмартады.
Арылайын бірауық мұң пішімнен,
Соқшы, дауыл, тынысты, тың күшіңмен.
...Жүрегімде бір дауыл жүріп жатыр,
Бірақ соны кім көріп, кім түсінген?!.





Пікір жазу