09.08.2022
  95


Автор: Мұхамбетберді СҮЙІТОВ

Дерегің жоқ дерт болдың ғой жүректе...

Дерегің жоқ дерт болдың ғой жүректе,
Мейірімсіз мезгіл өтіп барады.
Хат-хабарсыз жабығамын түнекте,
Сағынышпен жалғап екі араны.
Жаз ба, қыс па, көктем бе әлде бәрібір,
Сенсіз шаһар сұр, жалаңаш күз маған.
Жадымда әлі тәтті елестің таңы жүр,
Соңғы сөзің санамда тұр сыздаған.
Терезеге телмірмеймін, байланып,
Өйткені сен оралмайсың, білдім мен.
Азапты айлар ұзақ жылға айналып,
Үміт үзіп, сені сүйіп жүрмін мен.
Аз ғұмырдан мәз қуаныш күтпеймін,
Керегі жоқ құр қиялға құнығып.
...Бұл өмірде жүрегімде бітпейтін,
Жүрсем болды махаббатыма жылынып.





Пікір жазу