01.08.2022
173

ЖҮРЕККЕ ӘЖІМ ТҮСПЕЙДІ
Сұлулық, өнер, ерлік те –
Дүние сәні тірлікте.
Бәрінің ашар есігін
Өмірдің кілті – жүректе.
Азайып әлің, қуатың,
Кәрілік алар еркіңді.
Уақыт тырнап, шимайлап,
Солдырар ажар-көркіңді.
Бастауын алар жүректен
Тірліктің күретамыры.
Өмірдің әрбір адымы –
Жүректің дүрсіл қағуы.
Жаралған оттан, алаудан,
Қызуы бойға таралған;
Дүрсілдеп соғар бар жүрек,
Қып-қызыл қаннан жаралған.
Тозады ажар-көркің де,
Жинаған асыл мүлкің де.
Жаңарулар мен ескіру –
Уақыт, заман еркінде.
Махаббат оты өшпейді,
Өшкенді өмір кешпейді.
Қайнаған қаннан жаралған
Жүрекке әжім түспейді.