АУЫРТПАШЫ ЖҮРЕГІН ЖАРАЛЫНЫҢ...
Ауыртпашы жүрегін жаралының,
Көре білсең арының тазалығын.
Өмір деген мұхиттың тереңіне
Үңілмеуден таяздап барады ұғым.
Қаталдықтан, қайғыдан, қапалардан,
Жалғандықтан қасірет тартады адам.
Жазықсыздар мерт болар мұзға тайып,
Кінәлінің күнәсін арқалаған.
Жазғырмашыкүле алмай, түнергенді,
Қатал, суық жүзінен түңіл, мейлі.
Көлгірсуді білмейтін асқақ жаны
Аласарып, алдыңа бүгілмейді.
Жұмбағы көп сырының шешілмеген,
Ойлы көзден мұң табын өшірмеген.
Оның тартқан азабын, жан сырқатын
Түсінбейді басынан кешірмеген.
Күле алмайды, ылғи да күрсінеді,
Содан, мейлі, қалжырап жүрсін өңі.
Ол ашпайды ешкімге сырын терең,
Қиындықпен өмірді бір сүреді.
Басымды ием қиындау тағдырларға,
Бұлт сіресер жауатын жаңбыр барда.
Біреу күліп жүргенде, біреу күңгірт,
Шешілмеген жұмбақ көп адамдарда.
Көлеңкесі, күнгейі сапарласқан
Дүниеге, тірлікке таңмын мына.