АҚЫН ЖҮРЕГІ
Жуан қарын, ашылғандар араны
Көң-қоқыстан жемтік іздеп табады.
Өлексеге үймелейді қарғалар,
Құс төресі көкте қанат қағады.
Жігер жасық, бірақ қиял-ой кезбе,
Мен Фариза болғым келген бір кезде.
Ақын жыры найзағайдың жарқылы
Жалт ойнатар көкірегі күнсізге.
Ақындардың сезімі – өрт, сөзі – үлгі,
«Ақынмын» деп танытпадым өзімді.
Қаһарланып қыстың келе жатқаны
Күздің салқын қабағынан сезілді.
Ақын деген – өз алдына басқа әлем,
Бар ақынның жүрегінен жас көрем.
Естімейді күрсінгенін, өксігін
Тымағы бар, құлағы жоқ тас керең.
Тіршіліктің тотығы мен қоқымы
Ақындардың жүрегінен өтеді.
Сортаңда өскен сораңдардың тұқылы
Жүректерге жарақат сап кетеді.
Мейлі, мені мақұлдама, мақұлда,
Ей, жарық күн, маған қарай жақында!
Көлеңкеде бұғып жатқан тірліктен
Сахараның шөлі керек ақынға.