01.08.2022
  112


Автор: Айсырға Қилыбаева

ТУҒАН ТІЛ

Туған тілін сүйе алмаған – адам болып жарытпас,
Туған жерде ізің қалсын, тайғақтама, анық бас!
Шүлдірлемей, сүрмеленбей, бедеріңді бүлдірмей,
Өз тіліңді, өз түріңді сақтау үшін қалыптас!
Ылғи ұпай жинамайсың, алшы түсіп асығың,
Сен шығатын алда жатыр биік-биік асуың.
Сенің жаңа қадамыңмен жылжиды
Уақыттың безбенімен өлшенетін ғасырың.
Біздің тарих жазылмаған, аңыз болып тараған,
Адам Ата ұрпағымыз, Хауа Анадан тараған.
Ұрпақтары ақын болып жаратылған, себебі,
Бабалардың қаны сіңген сарын естіп даладан.
Ақын болсаң, ар алдында шын сөйлеуді мұрат қыл,
Ғұмырнама кестесінде шешілмеген сұрақ тұр.
Көшіп кеткен ұлылардан қалып қойған жұрнақ – сен,
Келе жатқан дүбірлерге назар аудар, құлақ түр!
Әруақтар сызып кеткен тау мен таста өрнек көп,
Табиғаттың бар байлығы жатыр сені жөргектеп.
Қырандардың ұя салған тауда қалған мекені,
Жас бала да талпынады тауға қарай еңбектеп.
«Ақын халық» дейді бізді тілімізді ұққандар,
Өзге тілді өз тіліңнен артық үлгі тұтпаңдар!
Байқасаңыз, әр дәуірде ұлық пенен ұлылар
Анасының сүтін еміп тісі, тілі шыққандар.
Ана тілі – тектілігің уызына жарыған,
Аналардың нәрін жұтып, бойға қуат дарыған.
Өз сүйегін талатады ит пен құсқа жем қылып,
Тексіз ұрпақ жаралмаған туған әке қанынан.





Пікір жазу