25.07.2022
104
ЖҮРЕГІМ ҚОЛЫҢДА!
Қиналмаймын өмірде құладым деп,
Ұмтыламын орнымнан тұрамын деп.
Сүйейтұғын адам жоқ жанымды ұғып,
Жұрттың бәрі ұмтылар ұрамын деп.
Қайте аламын қойған соң құдай алмай,
Тербелемін, теңселіп құлай алмай.
Өртенеді өзінің жалынына,
Менің нәзік жүрегім шыдай алмай.
Осы ма екен табаның тайды деген,
Қара тұман мұңым бар бойды жеген.
Мен өзіңе жұбаныш іздеп келіп,
Кетіп барам және де қайғы менен.
Сенен басқа адам жоқ мені құптар,
Шығарамын дертімді төгіліп бар.
Менің ғазиз басымды сен қастерлеп,
Менің нәзік жанымды сен ұғып қал!
Лаулап жанып өтейін, налып өтпей,
Жүрегімді қолыңа ал, жарым етпей!
Жүрегімді қолыңа ал,
Жүрегімді...
Жүрегімді қолыңа ал,
Әлі кетпей!..