14.07.2022
  109


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

Қиялым қиыр кезіп шығандайды...

Қиялым қиыр кезіп шығандайды,
Кедергі – шыққан төбем, «шың» алдайды.
Жаныма нәпсі билік айтқысы кеп,
Қорасы қораштықтың шығармайды.
Өзімнің өрісімнің шегін біліп,
Құмарттым күн қасына сенімді іліп.
Жүректі жүгіндірдім Сахабадай,
Рухымды он бес ғасыр шегіндіріп.
Қуанам өткенді ойлап шүкірлікпен,
Қауышып жарық әлем бұл тірлікпен.
Ертеңім қорқыныш боп елестейді,
Көр алда түзелетін бүкір біткен.
Шығарма жазсам деп ем нұры сөнбес,
Өткізіп әттең сәтін кірісем кеш.
Жүрегім – фризма нұр өткізген
Өлеңім – кемпірқосақ тілі сембес!
Жайым жоқ мақтан етер қиысқанын,
Қалаймын қорғасындай ұйысқанын.
Алайда асықтырар бір сапарым,
Кетердей көтеріліп құйысқаным.
Бәрін де бітірсем деп міндетімнің,
Түскенін аңдамаймын күн де, түннің.
Қазақтың сөзіменен жыр жазамын,
Жоғалып кетпесін деп мүлде тілім.
Даярлап ақ дастархан жырға жайып,
Қағазға түсіремін мыңға лайық.
Ұрпаққа қызмет етер құны биік,
Өлеңді өрнектесем бір ғажайып...
...Осылай қалам алам бір Алла деп,
Іздесем жүгінемін Құранға кеп.
Пенделер адасудан арылмай жүр,
Ғаламнан жол таппадым мұнан бөлек.





Пікір жазу